Баспасөз туры кезінде журналистерге елорданың жаңартылған туристік нысандары көрсетілді. Олардың қатарында цифрлық стрит-арт, интерактивті экспозициялар және ірі инфрақұрылымдық жобалар бар.
Lumiere Hall-дағы Бэнкси көрмесі
Lumiere Hall мультимедиялық музейінде «Бэнкси: гений немесе вандал?» көрмесі өтіп жатыр. Келушілер Испаниядан әкелінген суретшінің цифрлық инсталляциялары мен түпнұсқа жұмыстарын көреді: банкноттар, ашықхаттар, фильм постері және түпнұсқа пластырь. Жеке аймақ 2015 жылғы Dismaland жобасына арналған. Онда VR-аймақ және үлкен бейнеинсталляция жұмыс істейді.
Темір жолдар тарихы музейі
13 маусымда 3200 шаршы метр аумақты қамтитын Қазақстан темір жолдары тарихы музейі ашылды. Төрт интерактивті залда ВЛ80, ТЭП70, ЧМЭ3, 2ТЭМ10 локомотивтері мен CR200J вагонын қоса алғанда 250-ден астам экспонат орналастырылған. Қонақтар симуляторларды басқарып, AR және VR технологияларын пайдалана алады. Музейге Ресейден туристтер келуде.
Леонардо да Винчи көрмесі
Бейбітшілік пен келісім сарайында «Leonardo da Vinci: Genius of the Renaissance» көрмесі жұмыс істейді. Ашылған сәттен бастап оны 50 мыңнан астам адам тамашалады. Мұнда шебердің сызбалары бойынша жасалған және Рим мен Флоренция музейлерінен әкелінген 40-тан астам өнертабыс үлгілері қойылған. Механизмдерді қозғалысқа келтіруге болады.
Туризмге инвестициялар
Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаевтың мәліметі бойынша, өткен жылы салаға 438,3 млрд теңге салынған. 2026 жылдың алғашқы бес айында инвестиция көлемі 250 млрд теңгені құрады.